Қандай кәсіп, қандай мамандық таңдаған дұрыс?
Қандай кәсіп, қандай мамандық таңдаған дұрыс?

 Бірде бір кісі баласын ертіп үлкен әулие, ғұламаның алдына барып, былай депті: 
- Уа, хазірет! Мынау менің енді ержетіп келе жатқан балам еді. Осыған бір жөн сілтесеңіз. Қандай кәсіпке баулығаным дұрыс болады? Мен сияқты кедей болмай, ауқатты болғанын қалаймын.
Сонда, балаға қарап отырып ғұлама:
- Сен бұ баланы тігіншінің қасына қос, - депті.
Баланың әкесіне бұл кеңес онша ұнаңқырамайды. «Тігіншілік деген ұсақ жұмыс қой. Онымен қайтып байымақ?» деп ойлап, ақыры бір темірші ұстаның қасына баласын қосады. Теміршілік оңай боп па? Қианала жүріп, бала әйтеуір кәсіпті меңгере бастайды. Жылдар өте келе өзін жақсы жетілдіріп, сол маңайдағы жақсы ұстаның біріне айналыпты. Сөйтіп, тағы біраз жылдан соң қорасына мал жиналып, ауқатты бола бастайды. 
Сол кезде әкесі баяғы ғұламаға тағы барып, мақтанбақшы болады. Барады да:
- Уа, хазірет! Баяғыда баламды сіздің айтқанымызбен тігіншілікке емес, өз ақылыммен - теміршілікке берген едім. Соным жөн болған екен. Қазір жағдайы, шүкір, өте жақсы, - депті. Сонда ғұлама күлімсіреп отырып былай деп жауап қатыпты:
- Еее, солай де… Әсілі, адамның рызығы әуел бастан жазылып қойылады. Баланың рызығының мол боларын мен сол кезде-ақ маңдайынан Алланың білдіруімен байқаған болатынмын. Сол мол рызыққа қиналмай, оңай жолмен жетсін деп тігіншілікті айтып едім. Сен баланы әбден қинап, темірші қылыпсың….
 
 
Расында, кейде біз "қай мамандық таңдасам ертең жақсы жұмысқа орналасам?», «Қандай кәсіппен айналыссам тез байимын?» деген сияқты сұрақтармен тым көп басымызды қатырып, дел-сал боп жүріп алатынымыз бар ғой. Жоғарыдағы әңгімеде айтылғандай, Алла тағала әр адамның рызығын әуел бастан анықтап қоятын болса, сол бұйырған несібемізді аламыз ғой ақыры? Бірақ, оны қалай алатынымызды өзіміз таңдайды екенбіз. Адал жолмен аламыз ба, әлде арам жолмен бе? Мұғалім ретінде ме, әлде, дәрігер ме? Кәсіпкер ретінде ме, әлде малшы ретінде ме? Ол жолды өзіміз таңдайды екенбіз. Сондықтан, мамандық таңдағанда да, кәсіп таңдағанда да мыналарға көбірек мән беру керек сияқты.
1. Не істесек те - адал болуы керек. Табысымызға арам араластырмауымыз керек. 
2. Өзімізге ұнайтын, қабілетімізге сай, табиғатымызға жақын істерді таңдағанымыз абзал. Себебі, ақыры бұйырғаннан артық та, кем де ала алмаймыз. Не істесек те - өзімізге ұнамды іспен айналысқан жақсы. Сонда әр күнімізден, ісімізден ләззат алатын боламыз.
3. Не істесек те - талмай еңбек етіп, амал жасауымыз тиіс. Себебі, Алла тағала рызық пен несібені сол амал мен еңбекке байлап қойған. Қай салада болса да көп еңбек арқылы мол табысқа кенелуге болары сөзсіз... 
Нұғман ҚОЖАХМЕТНұғман ҚОЖАХМЕТ
9 лет назад 17082
2 комментария
  • Ең бахытты адам үйіне және жұмысына асығатын баратын адам.
    9 лет назад
  • Иә, ризықты беруші Алла Тағала. Дұға етіп тек Алладан сұрау керек. Бірақ, несібенің бәрі дұға арқылы келе бермейді. Сол үшін әрекет жасау керек. Әрекетке берекет. Әрекеттің қайырлы әрі табысты болуы үшін дұға жасау маңызды деп ойлаймын.
    9 лет назад
О блоге