Дін
Дін

Дін - адам баласының екі дүниеде де бақытты болуы үшін, Алла тағаланың адамзатқа пайғамбарлары арқылы жіберген ережелер жиынтығы деп сипаттасақ қателеспеспіз. Иә, иә. Екі дүниеде де бақытты болуы үшін! 

Негізінде, адам баласы өз ақылымен Жаратушыны таба алса керек. Тарихта оның мысалы көп қой. Ойлау арқылы, салыстыру арқылы, табиғи құбылыстарға ден қою арқылы - барша әлемді жаратқан бір Құдіреттің бар екенін мойындап, көз жеткізе алады адам деген. Таңның атуы, күннің батуы, қыста өлетін табиғаттың көктемде қайта түлеуі, қап-қара топырақтан түрлі түсті өсімдіктің өніп шығуы.... Мұның бәрі ойлы адамды бей-жай қалдырмаса керек. 

Алайда, бір Жаратушының бар екенін көзі жеткенімен, "мен не үшін келдім бұл өмірге?", "өмірдің мәні не?", "не істеуім керек" деген сұрақтарға өзбетінше жауап таба алмасы анық. Міне, осы сұрақтардың жауабы ретінде Алла тағала адамзаттың өз ішінен таңдаған пайғамбарлары арқылы діндер жібереді.

Мысалы, мінетін көлігімізді, қолданатын телефонымызды сатып алғанда - қасында сол затты пайдалану нұсқаулығы бірге беріледі емес пе? Неге? Себебі, ол затты жасаған компания, оны қалай қолданса ұзаққа шыдайтынын, ненің зиян, ненің пайдалы екенін, суға түссе не істеу керектігін т.б. бәрінен жақсы біледі ғой. Нұсқаулықта соның бәрін тізбектеп жазып береді. Енді, оны көбіміз оқымайтындығымыз өз алдына, әрине...

Сол сияқты, адамды да, адамды қоршаған ортаны да, қоғамды да, қоғамдағы заңдылықтарды да, әлемді де - бәрін жаратқан Алла болған соң, бізді ең жақсы білетін де Сол емес пе? Дін - жаңағы нұсқаулық тәрізді. Адам не үшін келді, өмірінің мәні не, қайтса бақытты болады, өлгеннен соң не болады, ол жаққа қандай дайындық керек, адамға не зиян, не пайдалы, қоғамдағы тепе-теңдік үшін не істек керек, сезімдерді қалай падалану керек т.б. біздің өмірімізге қатысты барлық ақпаратты сол "дін" атты нұсқаулыққа жазып қойып тұрған жоқ па?

Демек, дін - адам баласының басты компасы болуы керек. Дін бөлек, өмір бөлек деп қарастыру - үлкен қателік. Бұл ақиқатты мойындаудан қорықпау керек. Себебі, дін адамның өмірін, қоғамдық әрекетін шектемейді, тек бағыттайды, реттейді. Діни өмір сүру деген - біржақты өмір сүру дегенді білдірмейді. Діни өмір сүру деген - адамға жарасатындай өмір сүру деген сөз болса керек.

Нұғман ҚОЖАХМЕТНұғман ҚОЖАХМЕТ
9 лет назад 6199
0 комментариев
О блоге